Ту ұстаушылар
Лондондағы Олимпиада ойындарында қазақтың көк байрағын асыл текті алып ұлдардың жалғасы іспетті көрінетін Нұрмахан Тінәлиевтің көтеріп шығатынына қатты қуаныштымын. Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына барша әлем көз тігеді емес пе? Әлемдік спортшылардың төбе көрсететін жері. Менің білгім келетіні, Роджер Федерер Швейцария туын көтеріп шығудан неге бас тартты екен?
Бекзат АЛТАЕВ, Оңтүстік Қазақстан облысы
Жалпы, Лондондағы Олимпиада ойындарында өз елдерінің туын ұстап шығу бақытын иеленген теннисшілер өте көп екен. Мәселен, Польшаның байрағын Агнешка Радваньская, Сербияның туын Новак Джокович, Ресей байрағын Мария Шарапова, Румыния туын Хориа Текау, Беларусь байрағын Максим Мирный, Лихтейнштейн туын Стефани Фогт, Кипр байрағын Маркос Багдатис көтеріп шықты. Осыған дейін Испанияның туын көтеріп шығу міндеті тағы бір әлемдік теннисші Рафаэль Надальға жүктелген еді. Алайда ол жарақатына байланысты Лондон Олимпиадасына қатыспайтынын айтты. Ал Швейцария туын Афины және Бейжің Олимпиадаларында желбіретіп шыққан даңқты теннисші Роджер Федерер бұл жолы өз еркімен ту ұстау міндетінен бас тартқан. Оның ойынша, өзінен басқа жас спортшыларға байрақты биік көтеріп шығу бақыты бұйырғаны дұрыс екен. Ал Швейцарияның Олимпиада комитеті Федерердің орнына оның ізбасары Станислас Вавринканы ту ұстап шығады деп жариялады.
Олимпиада қожайыны Ұлыбританияның байрағы төрт дүркін Олимпиада чемпионы, велотрекші Крис Хойға сеніп тапсырылды. Қытайдың туын баскетболшы И Цзяньлянь көтеріп шықса, Американың ту ұстаушысы болып семсерлесуден екі дүркін Олимпиада чемпионы Мариэль Загунис тағайындалды. Көршіміз Өзбекстанның байрағын боксшы Елшод Расулов Олимпиаданың ашылу салтанатында желбіретіп жүреді.