Тотықұс қанша тұрады?
Алда құрбымның туған күні келе жатыр. Ол үй жануарларын ерекше жақсы көреді әрі оларға жақсы қарайды да. Мен оған тосын сый жасап, тотықұс сыйламақшы едім. Бірақ қалай таңдарымды, қайдан аларымды және оның бағасы қанша тұратынын білмеймін.
Гүлнұр КӨЛБАЙ, Алматы
Ең бірінші тотықұсты таңдағанда оның күш-қуатына назар аударыңыз. Егер ол торда ұйықтап немесе қандай да бір жағымсыз иіс бөліп, қауырсыны әр жерге ұшып, жүні жығылып тұрса, ондай құстан аулақ болыңыз. Тұмсығы таза, жылтырап тұруы шарт, сондай-ақ сіз қарап тұрғанда ол есінеп, түшкіріп, басын қайта-қайта изей бермеуі керек. Көзі ісіп, іріңдеп тұрған-тұрмағанына да қараңыз. Мұның барлығын ескертіп отырған себебіміз, денсаулығындағы кінәраты құстың ақыл-ойына міндетті түрде әсер етеді.
Ал енді сатып алғалы тұрған тотықұстың мынадай құжаттары болуы шарт:
• Шығу тегі туралы құжат;
• Орнитоз бен сальмонеллезден сау екендігін айғақтайтын дәрігерлік анықтамасы;
• Сатушының қолында Ф-1, Ф-4 ветеринарлық сертификаты болуы керек, бірақ ол сатушыға әлгі құсты жай сатуға ғана рұқсат береді, ал ол құстың шынайы саулығына кепіл бола алмайды.
Тотықұстың бағасы оның бойындағы қабілетіне, нақтырақ айтқанда, сөйлей алуына байланысты. Мәселен, қарапайым ғана толқынды тотықұстың бағасы Алматы зоодүкендерінде 1700 теңгеден басталады. Алайда сөйлей алатын тотықұстың бағасы 3000 АҚШ долларынан арзан болмайды. Тіпті иесінің қолына баруға да ерінетін жаконың өзі ең кемі 75 мың теңге, қолға баратын, бірақ сөйлей алмайтыны 100 мың теңгеден жоғары, ал кез келген сөзді қағып ала қоятыны 5000 доллар шамасында.