Мен үйде қолдан тоқылған бұйымдарды көп пайдаланамын. Бірақ олар кірлегенде жуу өте қиынға соғады. Кейде жіптері сетінеп, өз сәнін бұзып алады. Оларды қалай дұрыс жуу керек екенін білгім келеді?
Маржан ҚАЙРОШҚЫЗЫ, Алматы қаласы
Мұндай бұйымдарды басқа заттармен бірге жууға болмайды. Оларды қолмен жуыңыз, бірақ центрифугада сықпаңыз. Ақ мақта-матадан немесе зығырдан тоқылған тоқыманы қайнатып алуға болады, ал басқа иірілген жіп түрлерінен тоқылған бұйымды кір жуатын ерітіндіде жууға болады. Өте ұсақ бұйымдарды жоғары сапалы сабынның ерітіндісі құйылған шыны банканың ішінде жууға болады. Бұйымды жуып болған соң, мұқият шайып, тұтас сүлгілердің арасына салып кептіріңіз. Бұдан кейін бастапқы қалпына келтіріп, дәке салып үтіктеңіз. Оларды еркіңізге қарай крахмалдауға да болады. Ақ тоқыма бұйымдарды шаятын суға ніл, ал ақсары немесе сары түсті тоқыма бұйымды шаятын суға сүзгіден өткізілген шай қосуға болады.