Тоғыз айлық жұмыс үшін декреттік төлем қалай есептеледі?
Мен 2012 жылдың шілде айынан бастап жұмыс істеп келемін. Айлық жалақым – 30 мың теңге. Сәуір айында декреттік демалысқа шағамын. Тоғыз ай жұмыс істегеніме қанша декреттік төлем төленеді?
Жанар, Алматы облысы
Әлеуметтік сақтандыру қорының мәліметіне қарағанда, 2013 жылғы 17 ақпаннан бастап күшіне енген «Әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заңнама актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» 2013 жылғы 4 ақпандағы №75-V Заңымен «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» ҚР Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.Оның ішінде, Заңның 23-1 бабына сәйкес, жүктілігіне және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда берілетін бір реттік әлеуметтік төлемдердің (бұдан әрі – ӘТжб) мөлшерін анықтау механизміне қатысты өзгерістер енгізілді. ӘТжб мөлшері әлеуметтік аударымдарды (ӘА) есептеу объектісі ретінде есепке алынған орташа айлық табыс мөлшерін (бұдан әрі – ОАТ) жүктілік пен босану бойынша еңбекке уақытша жарамсыздық парағында (бұдан әрі – науқастық парақ) көрсетілген күндер санына сәйкес анықталатын коэффициентке көбейту жолымен анықталады. ОАТ науқастық парақта берілген айдың алдындағы соңғы 12 күнтізбелік айда (осы кезеңде ӘА үзілісінің болуына тәуелсіз) ӘА төленген табыс сомасын 12-ге бөлу жолымен анықталады. Сіздің жағдайыңызда ӘА тоғыз ай ғана төленсе де, ОАТ тоғыз күнтізбелік айда ӘА төленген табыс сомасын, 12-ге бөлу жолымен анықталады. Еңбекке жарамсыз күндер санының коэффициенті науқастық парағы берілген күндер санын 30 күнтізбелік күнге бөлу жолымен анықталады (науқастық парағы 126 күнге берілсе, К – 4,2; 140 күнге – 4,7). Сонымен, сіз науқастық парағын алып жұмыс орнынан жүктілік бойынша демалысқа шыққаннан кейін тұрғылықты жеріңіз бойынша Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың (бұдан әрі – ЗТМО) бөлімшесіне ӘТжб тағайындау үшін науқастық парағында көрсетілген жүктілік бойынша демалыс басталған күннен бастап 12 ай ішінде өтініш білдіре аласыз.