Таяуда Голливуд Қазақстанға тікелей қатысы бар киножоба түсіргелі жатыр және бұл фильмде басты рөлді Аянат Кісенбай ойнайды деп естіген едім. Бұл картина не туралы болмақ?
Медина НҰРЖАНҚЫЗЫ, Алматы қаласы
Сіздің айтып отырғаныңыз америкалық белгілі кинокомпания қолға алған «Ғажайып Тянь-Шань» жобасы. Бұл картинаға қазақстандық актриса Аянат Кісенбай түсетіні рас. 23 жасар жас актриса 2007 жылы Нью-Йорктегі театр студиясына оқуға кетпес бұрын өз елімізде үш фильмге түсіп үлгерген еді. Ол 14 жасында Сатыбалды Нарымбетовтің «Лейланың дұғасы» фильмінде, 16 жасында қазақ-американ жобасы «Көшпенділерде», 20 жасында белгілі режиссер Фольклер Шлендорфтың «Ұлжан» картинасында ойнаған болатын. АҚШ-та оқып жүрген уақытында Аянат бір американ продюсер мен танысады. Оны Аянаттың туған жері туралы айтып берген әңгімесі қатты қызықтырып, ол жас актрисаға театр студиясын бітіргеннен кейін бірлесіп, Қазақстанның ғажап мәдениеті жайында картинаның сценарийін жазуды ұсынады. Бұған дейін Сандра Баллок, Роберт Дауни, Мэтт Диллон, Шарон Стоун және басқа да мегажұлдыздардың қатысуымен картиналар түсіріп жүрген «Bigel Mailer film Production» кинокомпаниясы қыркүйекте «Ғажайып Тянь-Шань» атты фильмді түсіруге кіріспек. Картина Тянь-Шань тауын мекен ететін, бойында адамдарды емдейтін ерекше қасиеті бар қазақ қызы жайлы. Фильмдегі бас кейіпкердің есімі де Тянь-Шань. Аянат режиссерден картинаға еліміздегі шынайы Тянь-Шань тауын түсіруді өтініпті. Оның айтуынша, Қазақстандағы Тянь-Шань тауындағы табиғатты еш жерден кездестіре алмайсың. Әзірге жас дарын Аянат Кісенбай ешқандай шет тілін толық игермегендіктен, «Ғажайып Тянь-Шань» қазақ тілінде дыбысталатын Голливудтағы алғашқы картина болмақ.