Ақ сұңқар құсы туралы білгім келеді. Бұл құстың сұңқардың өзге түрлерінен не айырмашылығы бар? Ақ сұңқар еліміздің қай өңірлерін мекендейді?
Жалғас Марат, Оңтүстік Қазақстан облысы
«Жетісу» энциклопедиясының мәліметінше, ақ сұңқар – сұңқар тұқымдас жыртқыш құс. Оның сұңқар тұқымдас өзге құстардан айырмашылығы – денесінің айрықша ірілігі. Ақ сұңқар ұясын биік ағаштың басына немесе жартастың ернеуіне салады. Негізінен, өзен аңғарлары мен тау бөктерлерін мекендейді. Ұябасарының қанаты – 38-42 см-ге жетеді, салмағы 2 келі болады, ал аталық ақ сұңқар кішілеу келеді, қанатының ұзындығы – 34-37 см, салмағы 1 келі ғана тартады. Құстың арқасы көкшіл сұр немесе шұбар, бауыры ақшыл немесе шымқай ақ болып келеді. Арктика мен Солтүстік Америка аймағында тіршілік ететін ақ сұңқарға еліміздің аумағы тұрақты мекен емес. Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстары аумағы мен Алматы маңында ғана 12 жыл ішінде екі рет қыстайды. Алматы хайуанаттар бағында бұл құстың үшеуі бар. «Ақ сұңқар неге қонбайсың жайған торға» деп халқымыз әнге қосқан бұл текті құстың табиғаты толық зерттелмеген. Қызыл кітапқа енген жыртқыштың азаю себептері анықталмаған, қорғау шаралары да белгіленбеген.
Текті құс қай өңірлерді мекендейді?
Последние статьи автора