Тәулікпен жұмыс істейтіндердің демалыс ақысы қалай есептелінеді?
Біз балабақшада бес күндік жұмыс кестесімен жұмыс істейміз. Осы балабақшаға қарасты тәулік бойы жұмыс жасайтын санаториялық топ бар. Осы санаториялық топ қызметкерлерінің ақылы еңбек демалысы қалай есептелінеді? Орташа жалақы мөлшері қалай анықталуы керек?
Динара СҮЛЕЙМЕНОВА, Жамбыл облысы
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 100-бабына сәйкес, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы қызметкердiң тынығуына, жұмыс қабiлетiн қалпына келтiруiне, денсаулығын нығайтуына және қызметкердiң өзге де жеке қажеттiліктерiне арналады және жұмыс орны (лауазымы) мен орташа жалақысы сақтала отырып, белгiлi бiр күнтiзбелiк күндер санына берiледi.
Орташа жалақыны есептеу «Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 1 394 қаулысы бойынша жүргізіледі.
Қызметкердің орташа жалақысы орташа күндік (сағаттық) жалақыны оқиға кезеңіне сәйкес келетін жұмыс күндерінің (жұмыс сағаттарының) санына көбейту жолымен есептеледі.
Орташа күндік (сағаттық) жалақы барлық жағдайларда есепті кезеңде есептелген жалақы сомасын жұмыс уақыты теңгерімін негізге ала отырып, тиісінше бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасының жұмыс күндері (сағаттары) санына бөлу жолымен анықталады.
Ережені қолдану бойынша әдістемелік ұсыныстар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің веб-сайтындағы «Өзекті тақырыптар» атты айдарында орналасқан.