«Тәуелсіздік туралы» заңды әзірлегендер кімдер?
«Тәуелсіздік туралы» заңның еліміздің одан әрі өркендеуіне жаңа тыныс, жаңа жол ашқаны анық. Осы заң мемлекеттік өкімет органдарын, Тәуелсіздіктің экономикалық негіздерін қалай жүйелеу қажеттігімен қатар, республиканың жаңа Конституциясын әзірлеуге де басты негіз болды емес пе?! Мен қазақ халқының өміріндегі ең елеулі оқиға болған «Тәуелсіздік туралы» заңды кімдердің әзірлегені жөнінде білгім келеді.
Алуа РАХМАНОВА, Семей
1991 жылы шілде айында заң ғылымының кандидаттары Еркеш Нұрпейісов, Талғат Данақов пен Сұлтан Сартаев «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң жобасын әзірлеп, оны Жоғарғы кеңестің төралқасына тапсырған. Араға уақыт салып, 9 желтоқсан күні төралқа мәжілісінде депутат Манаш Қозыбаев пен Сұлтан Сартаев бұл заң жобасын қабылдау қажеттігі хақында ұсыныс жасаған. Талқылау мәжілісінде С.Сартаев баяндамашы етіп белгіленді. Бұл заң жобасын талқылау 15 желтоқсан күні басталды. Келесі күні, яғни 16 желтоқсан күні 18 сағаттан 14 минут өткен кезде еліміздің Тәуелсіздігін жария еткен ұлы заң қабылданды.