Тарақаннан қалай құтыламыз?
Біз қалада жеке секторда тұрамыз. Соңғы кездері үйде тарақан көбейіп кетті. Тарақанға қарсы қандай улағыш дәрілер қолдануға болады?
Тамара, Талдықорған қаласы
К.КАРДАСИНОВ, «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-тәжірибелік орталығы» РМҚК маманы:
– Тарақандар көбінесе қоқыс арасында тіршілік етеді. Әртүрлі жолдармен тұрғын үйлерге ауысады. Бөлмеде ашық қалған тағамдарды жеп, ауру тудыратын микроорганизмдерді тасымалдайды.
Зияндылығы: тарақандар тері қабаттарын кеміріп, ыдырау өнімдерімен ластап, гельминттердің, ішек ауруын қоздыратын қарапайым цисталарын, басқа жұқпалы ішек инфекцияларының қоздырғыштарын жұқтырады.
Тарақандардың ішегінде тырысқақ вибриондары 75 сағаттан 15 күнге дейін тіршілігін сақтай алады. Олар дизентерия микробын да таратады, дизентерия микробы 10 күнге дейін тіршілігін жоймай сақталады, тіпті іш сүзегінің таяқшалары да екі-үш күнге дейін тарақандар ішегінде өлмей, індеттің таралуына себепкер болады.
Сонымен қатар тарақандар әртүрлі инфекциялық және инвазиялық аурулардың қоздырғыштарын – іш сүзегі, парасүзек, жерше, күл, туберкулез таяқшаларын таратушылар болып табылады
Тарақандармен күресу үшін инсектицидтер қолданылады.
Қазіргі уақытта біздің елде тіркелген тарақандарға қарсы қолданатын дезинсекциялық дәрілер бар. Олар: Сольфак EW 050 – майлы-сулы эмульсия, Сольфак WP 10 – ылғалдандырылған ұнтақ, Байтекс ЕС-50 – концентратты эмульсия, Сенузан 48% – концентрат, Фуфанон – концентрат, Суматион НП 27,5% – концентратты эмульсия, Альфатрин – ылғалдандырылған ұнтақ, Дезар дуст – ұнтақ, Бриз 25% – сұйықтық.