Табыл туған жер қайда?
«Біздің қырда қыдырса егер бір жаздай, Талай ақын кетер ме еді жыр жазбай» деп жырлаған ақын Табылды Досымовтың туып-өскен жері туралы білгім келеді.
Нұрбек, Тараз қаласы
Табылды Досымов – Индер ауданының тумасы. Аудан 1933 жылы құрылған. Аудан орталығы Атырау қаласынан қашықтығы 190 шаршы шақырым жердегі Индербор кентінде орналасқан. Халқы сирек орналасқан ауданда бір кент, төрт селолық округ, екі ауылдық округ бар.
Географиялық орналасуы жағынан Индер ауданы Атырау облысының теріскейінде, Каспий маңы ойпатының орта тұсында, Жайық өзенінің екі жағалауын бойлай орналасқан. Шығысы мен түстігінде облыстың Қызылқоға, Махамбет аудандарымен, батысы мен терістігінде Батыс Қазақстан облысының Жаңа қала, Ақжайық аудандарымен шектеседі. Ауданның жер көлемі – 11.1 мың шаршы шақырым. Жер бедері негізінен жусанды жазық далалық болып келеді. Сондай-ақ тұйықталған қуыстар, құлама сайлар, сорлар кездеседі. Сайлардың терең еместері де, бірнеше шақырымдық алқапты алып жатқандары да бар. Бұл өлкеде жаз айларында кеуіп, соры шығып жататын бірнеше тұзды көлдер бар.
Мұнда Индер күмбезі деп аталатын дөңесті жер бар. Оның батыс жағы етегінде Жайық өзенінің аңғары, ал оңтүстігінде Индер тұзды көлі бар. Онша биік емес дөңестер түстік батысында Оңдасын жалымен, терістігінде Тотжалмен, шығысында Көктаумен ұштасады. Бұл аумақта қазанға ұқсас жүздеген шұңқыр бар. Терең құдықтар, үлкенді-кішілі үңгірлер, жыралар кездеседі.