Табыл қайда туған?
Каспий мен Атырауды жиі жырға қосқан, бүгінгінің жырауы атанған Табыл Досымов нақты қай жерде туған?
Самат БЕКБОЛАТҰЛЫ, Алматы облысы
Өмірден ерте кеткен талантты тұлға Табылды Досымов Атырау өлкесіндегі Индер ауданында Индербор ауылында туған. 1933 жылы құрылған бұл аудан орталығы Атырау қаласынан 200 шақырымдай жерде орналасқан.
Индер ауданы Атырау облысының теріскейінде, Каспий маңы ойпатының орта тұсында, Жайық өзенінің екі жағалауын бойлай орналасқан. Шығысы мен түстігінде облыстың Қызылқоға, Махамбет аудандарымен, батысы мен терістігінде Батыс Қазақстан облысының Жаңа қала, Ақжайық аудандарымен шектеседі. Жер бедері негізінен жусанды жазық далалық болып келеді. Сондай-ақ тұйықталған қуыстар, құлама сайлар, сорлар кездеседі. Сайлардың терең еместері де, бірнеше шақырымдық алқапты алып жатқандары да бар. Бұл өлкеде жаз айларында кеуіп, соры шығып жататын бірнеше тұзды көлдер бар. Мұнда Индер күмбезі деп аталатын дөңесті жер бар. Оның батыс жағы етегінде Жайық өзенінің аңғары, ал оңтүстігінде Индер тұзды көлі бар. Онша биік емес дөңестер түстік батысында Оңдасын жалымен, терістігінде Тотжалмен, шығысында Көктаумен ұштасады. Бұл аумақта қазанға ұқсас жүздеген шұңқыр бар. Терең құдықтар, үлкенді-кішілі үңгірлер, жыралар кездеседі. Бард ақын өз шығармаларында туған өлкесін барынша жырға қосып, оның қадір-қасиетін әспеттеп отырған.