Шынар ағашын шауып тастаса қайтеді?
Еліміздегі ең жасыл қалалардың бірі Алматы екендігіне дау жоқ. Қаламыздың түзу де сәнді көшелерінен жасыл желекті ағаштың түр-түрін кездестіруге болады. Маған оның бәрі ұнайды. Тек жаз басталысымен мамығы бұрқырап, көше тазалығына да, аллергиясы бар адамдарға да біраз нұқсан келтіретін шынар ағашын ұнатпаймын. Өзі және Алматының ішінде өте көп. Соларды мүлде шауып тастап, орнына жаңа талдар отырғызуға болмас па екен?
Ерғали НҰРҚАНАТ, Алматы қаласы
Мамандардың пікіріне сүйенсек, шынар ағашы көмірқышқыл газын басқа жасыл желектілерге қарағанда әлдеқайда көп жұтады екен. Мәселен, бір жазда шырша – 6 кг, емен – 28 кг, ал шынар ағашы 44 кг мөлшерінде СО 2 қорыта алады. Ең әуелгіде қаланы көгалдандыру мақсаты көзделгенде шынар ағашы күй талғамайтындығы мен қоршаған ортаға тез бейімделетіндігі үшін де таңдалған. Негізі, аппақ мамығы қала көшелерін жасанды қарға көміп, уақытша қолайсыздық туғызатындығы болмаса, ағаштың өзі аллергенді болып есептелмейді.