Шығыс – консерватор. Батыс – либерал
Саясаттағы консерватизм және либерализм деген идеологиялардың мәні неде?
Бақыт Кәрімбек, Астана
Консерватизм түсінігі латын тілінен аударғанда «сақтаймын» деген мағынаны білдіреді. Консервативті идеология, негізінен, елдегі дәстүрлі құндылықтарды сақтау арқылы әлеуметтік доктринаны жүзеге асыру болып табылады. Әлеуметтік саламен қатар, дінге де басымдық беріледі. Идеологияның негізгі мәні – тұрақтылық. Идея қоғамда радикалды өзгерістерді және түбегейлі реформаларды қаламайды. Яғни революциялық емес, эволюциялық жолмен жүруді қорғайды. Консервативті елдерде мемлекеттің рөлі жоғары болады. Ал либерализм идеясы қоғамда ашық, жариялылықты басшылыққа алады. Қоғамда мемлекеттің рөлі шектеліп, экономика жекеменшікке негізделеді. Либерализм идеясының құндылықтары – радикалдылық, нарықтық экономика және зайырлы қоғам. Консерватизм идеологиясы, негізінен, Шығыс өркениетіне жататын мемлекеттерге тән болса, либерализм Батыс өркениетіне жақын.