Құжаттарға жабыстыру үшін суретке түскенде көпшілігіміздің фотомыз сәтсіз шығып жатады. Тіпті кейде құжатымыздағы суретімізді біреуге көрсетуге де қысыламыз.
Сол себепті де сіздерге суретке сәтті түсудің құпиясын ашпақпыз.
1. Тері
Бетіңізге құрамында жылтыры бар опа-далап жақпаңыз. Жылтыр опа-бояу көзді кішірейтіп, бетті үлкейтіп көрсетеді. Оның орнына көңгірт опаларды қолданыңыз.
2. Қас пен кірпік
Неғұрлым қою, қара болса соғұрлым жақсы. Себебі суретке түскенде қас пен кірпік «жұтылып» кетеді. Сондықтан қасыңыз бен кірпігіңізді барынша бояп алыңыз. Немесе жасанды кірпік жабыстырып алыңыз.
3. Ерін
Контуры айқын далап жағу қажет. Бірақ жылтыр болмасын. Түсі қанық әрі теріңіздің түсіне сәйкесін таңдаңыз.
4. Басыңызды жоғары көтермеңіз
Әдетте фотографтар басыңызды көтеру керектігін айтып жатады. Ең дұрысы иегіңізді сәл төмен түсіру. Сол кезде бетіңіз арық болып көрінеді.
5. Бұрылу
Әр адамның оң жақ беті мен сол жақ бетінде айырмашылық болады. Біреу сол жағымен суретке жақсы түссе, екінші біреу оң жағымен сәтті түседі. Өзіңізді қай жағыңыздан суретке жақсы түсетініңізді анықтап, сол жақ бетіңізді сәл бұрып, алға шығарыңыз.
6. Күлкі
Әдетте біз қарқылдап, барымызды салып күлуге әуеспіз. Бұлай күлу суретке жарамайды. Суретке жымиып түссеңіз жеткілікті.