Жақында Кореяда Сурдлимпиадалық ойындар өтіпті. Оған Қазақстан спортшылары да қатысқан екен. Ғаламтордан осындай ақпарат оқысам да, мұның қандай дода екенін түсіне алмадым. Сондықтан оның кімдер арасындағы жарыс екенін сіздерден сұрасам деп едім.
Гуля ШАЙҚЫБЕК, Қарағанды облысы
Бұл – құлақтары естімейтін спортшылар арасындағы дода. Негізі, дефлимпиаладық ойындар деп те аталады (Deaflympics, ағылшынның «deaf» «саңырау» деген сөзінен шыққан). Кейбір орыстілді басылымдарда сурдоолимпиадалық ойындар деп те жазылып жүр.
Жақында Сеулде (Кореяда) VІІ Азия және Тынық мұхиты жағалауы елдері арасында жазғы Сурдлимпиадалық ойындар өткен. Онда Қазақстан спортшылары бір алтын, бір күміс, тоғыз қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте 9-орынға ие болды.
Жеті спорт түрінен сынға түскен қазақстандықтар арасынан жалғыз алтынға қол жеткізген алматылық Рүстем Абақанов болды. Ол үш қарғып секіруде алтынмен апталғанымен қоймай, биіктікке секіруде күміспен күптелді. Ал Ақмола облысының алыс қашықтыққа жүгіретін жеңіл атлеті, стайер Ержан Асылбек екі рет қола жүлдегер атанды (1500 м және 10 000 м қашықтықтарда). Жеңіл атлетикадан 4х100 және 4х400 эстафеталарына қатысып, бәйгеге түскен жүйріктеріміз де екі қола иеленді. Сондай-ақ Анастасия Ломанова (Алматы, жеңіл атлетика, 400 м), Елена Путинцева (Ақмола облысы, жеңіл атлетика, ұзындыққа секіру) және Сәния Досымханова (Павлодар, таэквондо) қола жүлде олжалап қайтты.
Және бірнеше спортшымыз дүниежүзілік жазғы Сурдлимпиадалық ойындарға қатысу құқығына қол жеткізіп, нормативтерін орындады.
Сурдлимпиадалық ойындар деген қандай дода?
Последние статьи автора