Супермаркетке сөмкемен кіруге бола ма?
Кез келген супермаркетке кіргенде қолымыздағы заттарды сақтау қоймасына тастап кетуге мәжбүрміз. Бір жағынан, ол да дұрыс шығар. Бірақ өткенде қалдырған сөмкем жоғалып кетті. Дүкен әкімшілігі: «Біз жоғалған затқа жауап бермейміз», – деп азар да безер болды. Осы дұрыс па?
Сәния МАРАТҚЫЗЫ, Алматы қаласы
Дұрыс емес. Себебі дүкен әкімшілігі сіздің сақтау бөлімшесіне қалдырған затыңыз үшін жауапты. Негізі, қолындағы мүлкін тұтынушы сақтау қоймасына өткізуге міндетті емес. Қалдырамын десе де, ішке алып кірем десе де – әркімнің өз еркінде. Мәжбүрлеуге дүкен қызметкерлерінің құқығы жоқ.
Егер сөмкеңізді өткізбегеніңіз үшін ішке кіргізбей қойса, шағым кітабын талап етіп, тұтынушы құқығы бұзылғаны жөнінде ескерту жазып кетуіңізге болады. Себебі мұндай тыйым салу дүкен келісімінің жариялылығы жөніндегі қағиданы бұзады: дүкен қызметкерлері тұтынушының тауар сатып алуына кедергі келтірмеуі тиіс. Ал сөмкені ішке алып кірудің саудаға кедергі келтіре алмайтыны түсінікті. Егер тұтынушы қолындағы затын өз еркімен сақтау қоймасына қалдыратын болса, онда ҚР Азаматтық кодексінің 39-тарауы бойынша және сақтау келісіміне сәйкес, сатып алушы затын өткізген соң оны қайтарып алуға міндетті. Ал дүкеннің міндеті – мүліктің сақталуын қамтамасыз ету.