Шүменов шын жеңді ме?
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Бейбіт Шүменовтің испандық боксшы Габриэль Кампильоны жеңіп, WBA тұжырымы бойынша жартылай ауыр салмақтағы әлем чемпионы атанғанын білеміз. Бірақ осы айқастан кейін жеңілген Кампильо төрешілердің әділдік танытпағанын айтып, шағымданған еді. Соңы не болды?
Әділхан АХМЕТОВ, Шымкент қаласы
Естеріңізге сала кетейік, жерлесіміз Шүменов пен испандық Кампильо арасындағы айқас 29 қаңтарда АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен болатын. Сол жекпе-жекте жерлесіміз төрешілер шешімімен жеңімпаз атанған. Алайда Кампильо шағымданып, қарымта жекпе-жектің өтуін сұраған. Бірақ Бүкіләлемдік боксшылар ассоциациясы (WBA) оның бұл арызын қабылдамай тастады.
Енді Бейбіт Шүменов чемпиондық атағын қорғау үшін маусым немесе шілде айында шаршы алаңға қайта көтерілуі тиіс. Оның бұл жолғы қарсыласы украиналық Вячеслав Узелков болмақ. Айта кетейік, Узелков кәсіпқой боксшылық ғұмырында барлығы 22 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен болса, 14-інде қарсыласын нокаутқа жіберген екен. Сондай-ақ украиналықтың Еуропаның ең үздік боксшысы және WBA тұжырымы бойынша жартылай ауыр салмақтағы құрлықаралық чемпион деген атағы бар.