Менің атам Көмекбай Қожабеков Ұлы Отан соғысына аттанып, хабарсыз кетті. Қай жерде жерленгенін де білмейміз. Хабарсыз кеткен жауынгерлерді іздестірудің жаңа әдістері бар ма?
Дархан КӨМЕКБАЕВ, Алматы қаласы
Біз сіздің атаңыз туралы деректі таптық! Ол үшін www.obd-memorial.ru сайтын ашып, оған «Қожабеков» деген фамилияны енгіздік. Атаңыздың есімі – «Қонақбай» деп жазылған екен. Мерт болғандар туралы ақпар журналында атаңыз «1942 жылдың қараша – желтоқсан айларында Сосково селосын қорғау кезінде қаза тапты, сол ауылда жерленген» деп жазылған. Интернет сайттарынан қарасақ, мұндай елді мекен Курск облысында бар екен. Жауынгер Қонақбай Қожабеков 101-атқыштар отряды сапында Отан қорғапты.
Жалпыландырылған мәліметтер базасы жобасы 2006 жылы құрылған. Онда 8,5 миллионға жуық жауынгер туралы мәлімет жинастырылыпты. Бұл құжаттар Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігі Орталық мұрағаты, өзге де мұрағаттар негізінде жинастырылған. Дерек қоры мерт болғандар тізімі туралы ақпар, бауырластар моласы төлқұжаты, әскери тұтқындар құжаттары негізінде жасалған. Кейбір фамилиялар қате жазылған болуы мүмкін, мұны іздестіру кезінде ескерген жөн. Сондай-ақ жоғалған жауынгерлерді туған күні, айы, жылы, туған жері, соғысқа шақырылған әскери комиссариат, әскери шені және соңғы қызмет орны бойынша да іздестіруге болады.
Сүйінші! Хабарсыз кеткен жауынгер дерегі табылды
Последние статьи автора