Сүйелдi сылып тастау зиян ба?
Қолымда сүйелiм бар. Жұлып тастасам, қайтадан өсiп шығады.
Сүйелдi қалай мүлдем жоюға болады?
Әдiлбек СЕЙIТОВ, Алматы қаласы
Сүйел – папиллом вирусының әсерiнен терiде пайда болатын түйiн. Бiрақ оның адам денсаулығына орасан зияны жоқ. Сүйел адамның дене мүшелерiнiң барлығына, тiптi ауыз қуысы мен үрпi жолдарына да шыға бередi. Қазiргi медицинада сүйелдi жоюдың бiрнеше әдiсi бар. Ең эстетикалық жолы – лазер сәулесiмен сылу. Екiншi әдiс – электр тогының жоғарғы жиiлiгiн пайдаланып, жою. Сүйелдi кейбiр дәрiгерлер азот ерiтiндiсiнiң көмегiмен жұлып, тазалайды. Бұл айтылғандар – оны емдеудiң қауiпсiз жолдары. Қазiргi хирургияда сүйелдi қандауырмен кесiп, кейiн орнын тiгiп тастау әдiсi де бар. Бiрақ бiлiктi дәрiгерлер бұдан сүйелдiң қайта өсiп шығуы мүмкiн екенiн айтады. Сондықтан дәрiгерге көрiнгенде сүйелдi лазер, электр тогы немесе азот ерiтiндiсiмен сылуды өтiнгенiңiз жөн.