Суды қалай тазартамыз?
Қазір ауру ауызсудан да тарайды деген сөз көп айтылады. Үй жағдайында суды қалай тазартуға болады?
Рашида ЖОМАРТҚЫЗЫ
Суды тазартудың ең қарапайым тәсілі – оны ашық ыдыста көлеміне қарай кем дегенде 2-4 сағат тұндырып қою. Сол кезде хлорды бір бөлігі ұшып кетеді де судан келетін қауіп азаяды.
Екінші тәсіл – кез келген тұрмыстық сүзгіні пайдалану. Құмыралық, ағын су не магистральды түрі ме, әйтеуір өзіңізге ыңғайлысын таңдаңыз. Белгілі маркалы сүзгіштердің картриждері хлорды жояды, сондай-ақ құбырмен келген қоспалардан да тазартады. Өйткені су құбырының 75 пайызы бүгінде әбден тозып біткені бәрімізге белгілі.
Үшінші тәсіл – суды қайнауға дейін жеткізу. Бұл ондағы хлор тым көп болған кезде жақсы, алайда көп қайнатуға да болмайды. Прага ғалымдарының жуырдағы зерттеуі көрсеткендей, құбыр суын 5-7 минуттан ұзақ қайнатса, онда судағы химиялық заттардан түзілетін диоксиндер, жоғары токсинді және канцерогендік қоспалар пайда болады екен.
Сонымен бірге суды мұздату арқылы да тазартуға болады. Ол үшін тоңазытқышқа салады. Алғашқы пайда болған мұз түйіршіктерін алып тастау керек. Қалған суды толығымен мұздатудың қажеті жоқ. Кейін қататын су бөлігінде қоспаның көп бөлігі қалады. Оны төгіп тастаған абзал.
Оған пластик шөлмекті қолдануға болмайды. Бұл мақсатқа кәдімгі бір жарым литрлік шыны банка жарайды. Ернеуіне дейін толтырмай, суды құйып, тоңазытқыштың мұздату камерасына, картон қағаздың үстіне қояды. Шамамен банканың жартысы мұз боп қататын уақытты шамалаңыз. Оның 10-12 сағатқа тең келуін қадағалау қиын емес. Онда мұздату процесін тәулігіне екі рет жасауға болады. Осылайша, бір күндік зарарсыз ауызсуға қол жеткізесіз. Осы әрекеттің нәтижесінде екі құрамды жүйе қалыптасады: мұзды су, яғни қоспасыз таза су және мұз астындағы қатпаған су. Ол су түгелдей төгіп тасталады да, мұзды ерітіп, ауызсуға пайдаланады.