Судьялыққа кандидаттар тағылымдамадан өтуге міндетті ме?
Осы судьялыққа үміткерлер тағылымдамадан өтпей-ақ судьялыққа өте ала ма? Қандай жағдайда тағылымдамадан өтуден босатылады?
Еркін, Алматы облысы
Судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өтуiнiң негiзгi мiндетi аудандық және оған теңестiрiлген сотта жұмыстың ерекшелiгiн зерделеу, судья лауазымындағы жұмысы үшiн қажеттi практикалық және ұйымдастырушылық дағдыларды игеру болып табылады. Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген теріс себептер бойынша судья лауазымынан босатылған тұлғаларды қоспағанда, бұрын кемінде үш жыл тұрақты судья болып жұмыс істеген және жұмыстан босатылған күннен бастап бес жылдың ішінде қайтадан судья лауазымына орналасуға ниет білдірген тұлғалардың тағылымдамадан өтуі талап етілмейді. Мамандандырылған магистратурада оқуды аяқтаған тұлғалардың оқуды аяқтаған күннен бастап бес жыл ішінде тағылымдамадан өтуі талап етілмейді. ҚР Конституциялық заңында, «Құқық қорғау қызметі туралы» және «Мемлекеттік қызмет туралы» ҚР Заңдарында көзделген теріс себептер бойынша судья лауазымынан, құқық қорғау органдарынан немесе өзге мемлекеттік қызметтен босатылған тұлғалар тағылымдамадан өтуге жіберілмейді. Тағылымдама аудандық сотта ұйымдастырылады. Тағылымдамадан өту мерзімін облыстық соттың және оған теңестірілген соттың төрағасы тоғыз айдан бір жылға дейінгі шекте белгілейді. Заңгерлік мамандығы бойынша бес жылдан артық жұмыс тәжірибесі бар, сондай-ақ құқықтың белгілі бір саласында ғылыми дәрежелері мен атақтары бар адамдар үшін тағылымдамадан өту мерзімі оның еңбек өтіліне, заң мамандығы бойынша атқарып отырған қызметіне және судья қызметіне орналасу үшін оның кәсіби даярлығының деңгейін айқындайтын негіздердің басқа да деректеріне байланысты алты айдан тоғыз айға дейін шекте белгіленеді.