Шудан құлағымыз шуылдайтын болды
Мен көпқабатты үйде тұрамын. Жуырда үйдің бірінші қабатынан мейрамхана ашылды. Түнімен даңғырлақ әуендерімен басты ауыртады. Ішімдікке тойып алған клиенттері де шулап құлағымыздың түбін жейді. Қазір айқай-шудан құлағымыз шуылдайтын болып жүр. Осыған қатысты уәжімізге ешкім құлақ асатын емес. Не істеуге болады?
Сәбира Төлегенқызы, Алматы қаласы
Меншік иелерінің әрекеттері Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің нормаларына қайшы келеді. Себебі мейрамхана иелері түнгі сағат 23.00-ден кейін көршілеріне, айналадағы тұрғындарға кедергі келтірмеуі керек. Олардың музыка дауысын айқайлатып қоюы да заңға қайшы. Егер тұрғындар талабына құлақ аспаса, мейрамхана қожайыны үстінен жергілікті прокуратура органына шағымданыңыз. Арызда учаскелік полицейге де шара көрсетілуі жайлы жазуды ұмытпаңыз.