Суда жүзуді кез келген жаста үйренуге болады
Жас шағымда жүзуді үйренбеп едім, сол қателігімді енді жоюға тура келіп отыр. Қазір 40 жасқа келіп қалдым. Осы жасымда жүзуді үйрене аламын ба? Жүзу барысында қандай шарттарды сақтау керек?
Алмас Сағындықов, Алматы қаласы
Суда жүзе білген кез келген адам үшін де өте пайдалы. Жүзумен барлық жастағы адамдар айналыса алады. Сондай-ақ жүзуді кез келген жаста үйренуге болады. Суда жүзгенде мына жағдайларды есте сақтаңыз:
* Суға түспес бұрын себезгімен шайынып, жеңіл жаттығу жасаңыз – 2-3 минуттай орныңызда жүгіріңіз, қолыңызды иығыңызға қойып, шеңбер жасап айналдырыңыз, отырып тұрыңыз, басыңызды айналдырыңыз. Осылайша бұлшық еттеріңізді қыздырып, жүрек-тамыр жүйесін жұмысқа дайындайсыз.
* Тыныс алуға жаттығыңыз: ауызбен дем алып, оны мұрынмен шығарыңыз. Сонда жүзу кезінде тез шаршамайсыз.
* Суға түскеннен кейін тақтайшамен жүзіңіз. Ұялмаңыз, бұл аяқтарыңыздың бұлшық еттерін қыздыру үшін қажет.
* Баяу, бірақ ырғақты үнемі сақтай отырып, тоқтаусыз жүзген жақсы.
* Салмақ бұлшық еттің барлық топтарына түсетіндей етіп жүзу стилін ауыстырып отырыңыз.
* Жүзуді жаңадан бастасаңыз, алғашқы жаттығуды 20 минут жасаңыз. Егер одан аз болса – тиімділігі шамалы. Жүзумен аптасына үш рет айналыссаңыз жеткілікті.