Стендаптар бәйгесін неге өткізбеске?
Кинода «үздік ерлер рөлі», «үздік әйел рөлі» немесе «ең үздік трюк», «ең үздік вокал» деген сияқты кәсіби элементтерге қарап марапат тағайындалады. Телевизия хабарларын дайындайтын журналистердің де мұндай марапатқа лайық жұмыстары бар. Мысалы, стендап. Тележурналистер күн сайын шеберліктерін шыңдап, неше түрлі стендаптар жасайды. Бірінен бірі өтеді. Бірақ бұлар күн сайынғы эфирмен бірге ұмытылып кетеді. Телеарналардағы стендаптар арасында неге өзара байқау ұйымдастырмасқа? Бұл бәсекелестікті жандандыруға септігін тигізер еді.
Самал Ақжігітова, Атырау қаласы
Стендап – тележурналистің кадрда жұмыс істеуі. Әдетте бұл әдіспен тілші оқиға орнынан ақпарат жеткізеді, студиямен байланысқа шығады, соңғы мәліметтерді хабарлайды, сондай-ақ репортаж ішінде қажетті детальдарды көрсету үшін, оқиғаны, мәліметті бейнелі түрде ұғынықты ету үшін қолданады. Стендаптың формасы мен көркемдік ерекшеліктері телевизияның өзімен бірге күн сайын дамып жатыр. Ресейде журналистік конкурстар шеңберінде «Ең үздік стендап» аталатын номинация бар. Қазақстандық тележурналист Максим Рожин мұндай байқауды бізде де ұйымдастыру керек екенін айтады. Телевизия мамандары кадрда сөйлеудің негізгі үш түрін көрсетеді: 1) классикалық: микрофонмен белгілі бір фонда немесе оқиға орнында сөйлеу; 2) жаңашыл: журналисттің ақпаратты қимыл-қозғалыспен жеткізуі; 3) «жасырын камера»: түсіруге рұқсат етілмеген жерден кадрға шығу. Стендап тексті алдын ала сауатты жазылуы керек, кадрда бірден суырып салу қателіктерге, сөз қайталауларға, абдырап-тұтығуларға жол береді. Журналист стендапта 20 секундтан артық сөйлемегені дұрыс.