Спортшылар әскер қатарына алына ма, осы? Жоқ, әлде ел намысын қорғап жүргендіктен, азаматтық әскери борыштан босатыла ма?
Ерасыл НҰРДӘУЛЕТ, Қарағанды қаласы
Сіздің сұрағыңызға жауап беру үшін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери спорттық клубы төрағасының орынбасары, полковник Олег Ткаченкоға жүгіндік:
– Әрине, спортшылар да әскер қатарына алынады. Негізі, талантты спортшыларды Орталық әскери спорттық клубтың намысын қорғауға шақыртамыз. Спортшы деген көп қой. Мысалы, ІІІ разрядты спортшылар өте көп. Біз олардың бәрін спорт-ротаға шақырта алмаймыз. Біз тек спорт шебері және одан жоғарыларын ғана спорт-ротаға аламыз. Әрі спортшыларды шектен тыс мұқият екшейміз, жан-жақты талдаймыз. Кездейсоқ біреулердің еніп кетуіне жол бермейміз. Содан соң қорғаныс министріне екшеліп алынған спортшы-сарбаздар тізімін бекітуге жібереміз. Біздің спорт-ротада 40 спорттың түрі бар. Орталық әскери спорттық клубының сапына шақыртылатын сарбаздар біздегі осы 40 спорт түрінің өкілдері болуы керек. Бізге келген соң, олар әскери Жарғыға сәйкес азаматтық борыштарын өтейді. Әрі спорттан қол үзбей, алаңсыз жаттыға алады.