Солтүстік Кипр мемлекеті Түркияның құрамындағы ел ме, әлде тәуелсіз ел ме? Солтүстік Кипр елі түркі елі болып санала ма?
Мәлік АҒАЙДАР, Алматы облысы
Кипр аралының үштен бірін алып жатқан Солтүстік Кипр Түрік Республикасы 1983 жылы тәуелсіздігін жариялаған. Бұл елдің тәуелсіздігін әзірге Түркия, Абхазия, Әзірбайжан құрамындағы автономиялық ел Нахичеван таныған. Әзірбайжан, Парагвай, Гамбия бұл елдің тәуелсіздігін тануға ниетті. СКТР-дің Ислам конференциясы ұйымы құрамында бақылаушы ел мәртебесі бар. Ел астанасы – Лефкоша. Ресми тілі – түрік тілі. Жер көлемі – 3355 шаршы шақырым, халқы 300 мыңға жуық. Тұрғындарының басым бөлігін кипрлік түріктер мен анадолы түріктері құрайды. Ел шекарасын Кипр елінен БҰҰ әскери күштерінің қорғауындағы жасыл желі бөліп отыр. Саяси жүйесі демократиялық, елді бес жылға сайланатын президент басқарады. Заң шығарушы органы – 50 депутаттан тұратын республикалық жиналыс. Солтүстік Кипр елін ежелден этникалық түріктер мекен еткендіктен және қазіргі кезде басым бөлігін құрайтындықтан, түркі елі болып саналатыны анық.