Сюзерен елдер әлі бар
Сюзерен елдер тарихта қалды деп жүрсем, сюзерен елдер әлі де бар дейді. Қазіргі заманда қай елдер сюзерен болып табылады?
Бейбіт ЖАРБОСЫНОВ, Талғар қаласы
Сюзерен – француз тілінен енген ұғым. Сюзерен дегеніміз – тарихи кезеңде ірі феодалды билеушінің типі. Сюзеренге өзге ұсақ феодалдар вассалды тәуелділікте болып, оның жерінің бір бөлігін иеленуге сюзерендік құқық алады. Мәселен, тарихтағы Австрия-Венгрия империясы бірінші дүниежүзілік соғыстың аяғына дейін Лихтенштейн княздігіне сюзерен ел болып келді. Сол сияқты Кіші Азияның көп бөлігін, Балқан түбегін жаулап алған Осман империясы да сюзерен елдің нақты мысалы болып саналады. Осман империясы 1878 жылға дейін – Румыния мен Сербияға, 1914 жылға дейін – Мысырға, 1919 жылға дейін Само княздігіне сюзерен ел болды. Ал қазіргі кезде Греция – шағын Афона республикасының сюзерені. Испания мен Франция бірлесіп, Андорраға сюзерен ел болып отыр. Сол сияқты Италия Сан-Марино республикасының сюзерені болып табылады.