Дене мүшелері бір-біріне жабысып туылған егіздерді неге «сиам егіздері» дейді?
Әсия СЕЙІЛЖАНОВА, Алматы қаласы
ХІХ ғасырдың басында Таиландта (бұрынғы Сиам) Чаң және Эң есімді егіздер дүниеге келді. Олардың денелері кеуде тұсынан бірігіп біткен. Ол заманда мұндай егіздерді ажырату операциясы тәжірибеде болмады. Тіпті бұл жайт ғылым үшін тосын құбылыс еді. Ағайынды Банкерлер өсе келе әйгілі цирк шеберлеріне айналды. Дене мүмкіндіктері шектеулі болса да, аренадағы өнерлеріне адам таңғалатын Чаң мен Эң «Сиамнан шыққан егіздер» атанып кетті. Осылайша, ғылымға да «сиам егіздері» ұғымы енді. Алайда қазіргі теорияда оның қалыптасу себебі жөнінде ортақ пікір жоқ. Дәрігер ғалымдардың болжамынша, ол біржұмыртқалы егіздер зиготасының толық бөлінбеуінен немесе тым ерте кезеңде ажыратылуынан болады. Сиам егіздері әрбір 200 000-ыншы туу жағдайында қайталанады. Осы кезге дейін дүниеге келген мұндай егіздердің 75 пайызы әйел жынысты.