Шетелдіктер бізде жүргізуші куәлігін қалай алады?
Қазақстанның азаматтығын алмаған адамдардың біздің елде жүргізуші куәлігіне қол жеткізгені туралы естіп қалып жатамын. Шетелдіктер Қазақстанда жүргізуші куәлігін қалай алады?
Жандос Берікқажиев, Астана қаласы
ҚР Ішкі істер министрлігі мамандарының түсіндіруінше, министрліктің 2010 жылдың 26 ақпанындағы №90 «Емтихан қабылдау және көлік құралдарының жекелеген түрлерін басқару құқығына куәлік беру ережесі» бұйрығына сәйкес, жол полициясының тіркеу-емтихан алу бөлімшесіне емтихан тапсыруға тұрғылықты мекенжай бойынша тіркелген немесе уақытша мекенжайға алты айдан көп мерзімге тіркелген азаматтар және ішкі істер органдарына келу орны бойынша тіркелген шетелдік азаматтар жіберіледі. Осы бұйрыққа сәйкес, егер шетелдік азаматта немесе азаматтығы жоқ адамда ұлттық жүргізуші куәлігі болмаса, бірақ оның Қазақстан аумағында тұру уақыты алты ай мерзімнен көп болса, онда Қазақстан Республикасының көлік басқару құқығы куәлігі жалпы негізде беріледі.