Ұлыбританияда магистратура дәрежесін алғым келеді. Банктер бұған несие бере ме екен?
Қуат, Алматы
Бұл сауалды студенттерге несие беруді қарастыратын мемлекеттік бағдарлама бойынша жалғыз оператор – Альянс банкіне қойдық.
«Альянс банкі» АҚ Бөлшек сауда бизнесі департаментіндегі бөлім бастығы Гүлнәр Қонарбаева мынадай жауап берді:
– «Альянс банкі» жүзеге асыратын студенттер мен магистранттарды жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы мемлекеттік болып табылады.
Бұған тек қазақстандық ЖОО-ларда ғана оқитын студенттер мен магистранттар қатыса алады. Ал шетелдің ЖОО-ларында оқығысы келетіндер бұл бағдарламаға қатыса алмайды.
Сондай-ақ білім алуға жеңілдікпен несиені алғысы келетіндер мынадай шарттарға сай болуы қажет: Қазақстан Республикасының азаматы болу; күндізгі бөлімде ақылы негізде оқу, оның ішінде базалық медициналық білімді (интернатураны қоса алғанда) немесе магистратурада оқу; үлгерімі бүкіл оқу кезеңінде «жақсы» және «үздік» бағалардың баламасына сәйкес келуі немесе ұлттық бірыңғай тестілеу/кешенді тестілеу бойынша 65-тен төмен емес балға сәйкес болуы тиіс; арнайы әлеуметтік мәртебеге сай келу.