Серіктестік атауына қандай талап қойылады?
Жаңадан құрылатын серіктестікті мемлекеттік тіркеуге алған кезде оның жауапкершілігі шектеулі екенін жазу міндетті ме? Фирмалық атауға қандай талаптар қойылады?
Жандар Абдуллин, Ақтөбе облысы
ҚР Әділет министрлігі мамандарының түсіндіруінше, ҚР «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Заңының 4-бабына сәйкес, серіктестіктің фирмалық атауы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атауын, сондай-ақ «жауапкершілігі шектеулі серіктестік» деген сөздерді немесе «ЖШС» деген аббревиатураны қамтуға тиіс. Қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктің фирмалық атауында тиісінше «қосымша жауапкершілігі бар серіктестік» тіркесі немесе «ҚЖС» деген аббревиатура болуға тиіс. Серіктестіктің фирмалық атауының қысқарған нұсқасын және оның шет тілдердегі баламаларын пайдалануға болады. Шетелдің қатысуымен құрылатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің фирмалық атауында оның құрылтайшыларының қай мемлекеттікі екені қосып көрсетілуі мүмкін.