Сенім грамотасы – сенімнің белгісі
Сенім грамотасы нені білдіреді және оны тапсыру қалай жүзеге асырылады?
Дидар, Алматы облысы
Сенім грамотасы – бұл елші немесе уәкілдік сыныбындағы дипломатиялық өкілдік басшысына оның өкілдік сипатын және шетелдік мемлекетте тіркелініп куәландыруға берілетін құжат. Сенім грамотасына аккредиттелген мемлекеттің басшысы қол қояды және сыртқы істер министрінің қолымен бекітіледі. Сенім грамотасына елшіні тағайындаушы елбасы – елшіні қабылдаушы елбасынан елшінің (уәкілдің) өз мемлекеті және үкіметі атынан айтқанының бәріне сенуін (осыдан Сенім грамотасы деп аталды) сұрайды. Тағайындалған мемлекетке келгенде дипломатиялық өкілдіктің басшысы (елші немесе уәкіл) Сенім грамотасын жекелей елбасына тапсырады, ал іске сенімді адам сенім хатын-сыртқы істер министріне тапсырады. Әр елде Сенім грамотасын тапсырудың арнайы тәртібі орнатылған және ол салтанатты жағдайда өтеді. Қабылдаушы мемлекет басшысына Сенім грамотасын тапсырған кезден кейін немесе мекендік мемлекеттің сыртқы істер министріне Сенім грамотаның куәландырылған көшірмелерін тапсырғаннан кейін (мемлекеттегі қалыптасқан тәжірибеге сәйкес) өкілдіктің басшысы мекендік мемлекетінде өз міндетіне кірісті деп саналады.