Семей полигонына байланысты қандай жеңілдік бар?
Мен Семей ядролық полигонының зардабын шеккен аймақта тұрамын. Жеңілдіктер алу құқығы барын растайтын куәлігім бар. Осыған орай менің жыл сайынғы ақылы қосымша демалыс алуға құқығым бар ма?
Рымхан ҒИЗЗАТОВ, Шығыс Қазақстан облысы
«Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 18 желтоқсандағы № 1787-ХІІ Заңының (бұдан әрі – заң) 13-бабына сәйкес, заңның 5, 6, 7, 8, 9-баптарында аталған аумақтарда тұратын халық қосымша еңбекақы алуға:
– төтенше радиациялық қауiптi аймақ бойынша – 2 айлық есептік көрсеткіш (АЕК);
– ең жоғары радиациялық қауiптi аймақ бойынша – 1,75 АЕК;
– жоғары радиациялық қауiптi аймақ бойынша – 1,5 АЕК;
– ең төмен радиациялық қауiптi аймақ бойынша – 1,25 АЕК;
– жеңiлдiктi әлеуметтiк-экономикалық мәртебесi бар аумақ бойынша 1 АЕК алуға құқылы.
Жыл сайын ақысы төленетiн қосымша демалыс алуға:
– төтенше радиациялық қауiптi аймақ бойынша – 14 календарьлық күн;
– ең жоғары радиациялық қауiптi аймақ бойынша – 12 календарьлық күн;
– жоғары радиациялық қауiптi аймақ бойынша – 10 календарьлық күн;
– ең төмен радиациялық қауiптi аймақ бойынша – 7 календарьлық күн;
– жеңiлдiктi әлеуметтiк-экономикалық мәртебесi бар аумақ бойынша бес календарьлық күн демалыс алуға құқылы.
Заңның 11-бабына сәйкес, заңда көзделген жеңiлдiктер мен өтемдерге құқықты растайтын құжат куәлік болып табылады.
Осыған орай, егер сіз жоғарыда аталған аумақтарда тұрсаңыз немесе жұмыс істесеңіз, және куәлігіңіз болса, заңда белгіленген қосымша ақы мен қосымша демалыс алуға құқығыңыз бар.