Шекара қызметінің қысқаша тарихы
Еліміздің шебін қорғайтын шекара қызметінің қысқаша тарихы туралы білгім келген келеді. Шекарашылар күні неге 18 тамызға белгіленді?
Динара, Алматы облысы
18 тамыз Қазақстан шекарашыларының кәсіби мерекесі. Бұл күні Қазақстан Республикасы Президентінің 1992 жылғы 18 тамыздағы № 862 Жарлығымен Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара әскерлері құрылды. Ұлттық шекара әскерлерін құру кеңес-қытай және кеңес-ауған учаскелерінде мемлекеттік шекараны қорғаған КСРО Шекара әскерлері Шығыс шекара округінің негізінде жүзеге асырылды. Жалпы бұл шекарашылар күні ресми түрде Қазақстанның мемлекеттік мерекелері күнтізбесінде 2012 жылғы 29 тамызда белгіленді. Республикамыздың мемлекеттік институттарының қалыптасуы мен дамуының кезекті сатысында, басқару органдары жұмысының тиімділігін жетілдіру мен арттыру үдерісінде Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 4 наурыздағы №3377 Жарлығымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекараны қорғау жөніндегі Мемлекеттік Комитеті таратылып, қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрамында енетін Мемлекеттік шекараны қорғау күштері болып қайта құрылды. Шекара қызметінің әскери-қызметтік қимылдарының ауқымы мен ерекшеліктерінің өсуін есепке ала отырып, ағымдағы және алда тұрған міндеттерді Қарулы күштердің құрамында шешу мақсатқа сай емес екендігі белгілі болды. Соның негізінде Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 10 желтоқсандағы №282 Жарлығымен Мемлекеттік шекараны қорғау күштері Қарулы күштердің құрамынан шығарылып, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі болып қайта құрылды. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі әскери-қызметтік жұмысын осы сапада жалғастыруда. Қазақстан Республикасының әскери және ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі шаралар жүйесінде Шекара қызметі Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мемлекеттік шекараны күзету мен қорғау бойынша міндеттерді орындайтын ведомство болып табылады.