Шахматшылар арасында кімнің шоқтығы биік?
Бұрындары шахматтан нақты әлем чемпиондары болушы еді. Тіпті нөмірлері де болатын. Мысалы, Анатолий Карпов – әлемнің 12-чемпионы. Қазір бәрі қым-қуыт. Осыдан бірер жыл бұрын чемпион да қаптап кетті. Бірнеше тұжырым болды. Десек те, дәл қазір шахматшылардың деңгейіне бүкіләлемдік рейтинг өлшем бола алатын шығар. Осы рейтингте кім көш бастап келеді?
Ербол Өмірзақ, Қарағанды облысы
Сөзіңіздің жаны бар. Шахмат әлемінде бірнеше чемпионның болуы осы спорт түрінің мәртебесіне нұқсан келтіріп, бағасын кетірді. Ал сіз айтқан бүкіләлемдік рейтингке жүгінер болсақ, ФИДЕ-нің (Халықаралық шахмат федерациясының) қыркүйек айында шығарған тізімінде Болгария гроссмейстері Веселин Топалов көш бастап келеді. Оның рейтингі – 2813. Екінші орында – үнді үміті Вишванатан Ананд (2788). Бұдан кейінгі орындарда, яғни алғашқы ондықта: Левон Аронян (Армения, 2773), Магнус Карлсен (Норвегия, 2772), Владимир Крамник (Ресей, 2772), Петер Леко (Венгрия, 2762), Теймур Раджабов (Әзірбайжан, 2757), Василий Иванчук (Украина, 2756), Борис Гельфанд (Израиль, 2756), Александр Морозевич (Ресей, 2750). Ал Қазақстан шахматшылары ішінен ең жоғары орында – Мұртаз Қажығалиев. Ол әзірше 100-орында тұр (2643).