Сәукеле құны фатадан қымбат
Қазіргі көптеген үйлену тойларында қалыңдық сәукеленің орнына фата киеді. Қазақта «сәукеле кигізу» деген салт бар деп естігем. Жалпы, сәукеле қандай болуы керек?
Айнагүл РАУАНҚЫЗЫ, Талдықорған қаласы
«Сәукеле кигізу» салтына құда-құдағилар шақырылады. Шашу шашылады. Ақ бата арналады. Сәукеле байғазысының бағасы да олқы болмайды. Оның көрімдігі де соған лайық болу керек.
Сәукеле – жай бас киім ғана емес, қазақ сән-салтанатының, салт-дәстүрінің мәдениет пен шеберліктің озық үлгісі. «Алтынмен апталып, күміспен күптеліп» дегендей, ол інжу-маржан, гауһар, лағыл, жақұт сияқты асыл тастар тізбегімен әрленіп, әшекейленеді. Негізі, мақпал, барқыт сияқты қымбат маталардан тігіліп, бұлғын, құндыз терілерімен жиектеліп, оқамен оюланып, түрлі-түсті моншақтармен шашақталып, көркем жіптермен кестеленіп, алдыңғы жағы көзді тастармен қапталып, түрлі тағым, алтын, күміс теңгелермен безендіріледі, төбесіне үкі тағылады. Көрсе көздің жауын алатын осы бұйым — тек келіншек сәні ғана емес, той салтанаты мен құдалар беделін де көтере түсетін ерекше көрініс! ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген кіші жүздің Байсақал атты байының қызының сәукелесін Кенесары ханның ағасы Саржан төре бес жүз байталға бағалаған.