Шариғатқа негiзделген жүйе
Әлемдi он ораған қаржы дағдарысы, жасыратыны жоқ, тұрмысымызды тұралатып барады. Елдiң экономикасын қайта дамыту үшiн Ислам банкiнiң жүйесiн енгiзу керек дегендi жиi естимiз. Бұл қандай жүйе болмақ?
Нәзипа САУЫРОВА, Қарағанды облысы
Исламдық банк жүйесi шариғат талаптарына сай жұмыс iстейдi. Несиенi пайызсыз бередi. Қайтара алмағандарға көмек қолын созып, белгiлi деңгейде көмек көрсетедi. Аталмыш жүйе темекi, iшiмдiк, порноиндустрия және қару-жарақ сияқты iзгiлiкке жат салаларға қаржы бөлмей, таза шариғат талаптарын орындайды. Мамандардың айтуынша, қазiргi таңда әлемнiң 38 мемлекетiнде Ислам банктерi сәттi жұмыс iстеп жатыр. Әрi олар әлемдiк қаржылық дағдарыстан қатты зардап шеккен жоқ. Активтерi қазiргi 900 млрд доллардан екi есе көбейiп, 2010 жылдың аяғына дейiн 2 триллион долларға жетуi ықтимал. Содан да болар, дүниежүзiнiң көптеген елдерi, оның iшiнде Еуроодақ мемлекеттерi де осы жүйенi құптап отырған жайы бар. Елiмiз де Ислам банктерi жүйесiн енгiзуге талаптанып, Сенат депутаттары Ислам банктерiн ұйымдастыру мен олардың қызметi туралы заң жобасын түзетiп, Мәжiлiстiң қарауына қайта бердi. Бұйыртса, алдағы уақытта Қазақстан Ислам банктерiнiң шапағатын көре бастауымыз бек мүмкiн.