Шарап ыдысына өрмелеген жылан бейнесі нені білдіреді?
Әріптесім иығына екінші татуировкасын жасатқалы жатыр. Бұл жолғысы – жылан мен шарап бокалы бейнеленген таңба. Мұндай бейне денсаулық сақтау мекемелерінің де нышаны екенін білемін. Дәл осы бейнені не себепті медицина ұғымымен байланыстырады және ондай татуировка нені білдіреді?
Ардақ Сағызбаев, Алматы қаласы
Медицина саласының нышанына айналған жылан мен шарап құятын ыдыс таңбасы, шамамен, мыңжылдық бұрын пайда болған деседі. Ежелгі дәуір қолжазбалары жеткізген мәлімет бойынша, жылан даналықтың, үздіксіз қозғалыс пен дамудың, жаңарудың белгісі саналған. Антикалық әдебиеттерде ем құдайы Асклепийдің сырығына, сауда құдайы Герместің, сондай-ақ Аполлонның асатаяғына өрмелеп бара жатқан жыландар бейнесі кездеседі. Алайда медицина тарихын зерттеуші орыс ғалымдары таңбада денсаулық құдайы Салутаның шипалы ыдысы бейнеленгенін айтады. Мұндағы мағына дәрігерлердің қызметі жыланның талай дерттен айықтыра алатын шипалы уы секілді дегенді меңзейді. Ал мұндай татуировканы көбіне қандай қиындық болса да сыр бермейтін төзімді, ақылды адамдар таңдайды екен.