Шапито қандай цирк?
Цирктің шапито деп аталатын түрін естіген едім. «Шапито» сөзі қандай мағына береді? Жалпы, цирк өнері қашан пайда болған?
Айгүл НҰРҚАНАТ, Семей
Шапито (француз сөзі, «қалпақ» дегенді білдіреді) – жазғы цирктің жиналмалы жеңіл түрі, оның брезентті шатырын ұзын діңгектер ұстап тұрады. Әдеттегі цирктегі сияқты, шапитода да қойылымдар, репетициялар өтіп жатады. Тек мұнда бәрі – аңдардың торы да, әртістердің заттары да жылжымалы, себебі шапито бір жерде ұзақ кідірмейді.
Жалпы, цирк – ертеден келе жатқан өнер. Акробаттар, жонглерлер, арқанмен жүрушілер, клоундар жұрттың көңілін көтеруді бұдан бірнеше жүздеген жыл бұрын бастаған. Орта ғасырларда цирк қойылымдары тура көшеде, жәрмеңке алаңдарында өтетін. Ол кездерде цирк өнерпаздарының тұрақты мекенжайы болған жоқ. Сөйтіп, олар үнемі бір қаладан екінші қалаға саяхаттап жүрді. Жылжымалы тұңғыш жазғы цирк Парижде Елисей даласында XIX ғасырда өнер көрсеткен. Ал алғашқы шапито Ресейде, 1830 жылы Мәскеудегі Нескучный бағында ел алдына шыққан. Бүгінде ірі қалалардың бәрінде стационарлы цирктердің зәулім ғимараттары бар. Соған қарамастан, шапито әрқашан да елдің сүйікті қонағы болып қала береді.