Шаңғымен бағдарлау деген не?
Өз елімізде өткен VІІ қысқы Азия ойындарында шаңғымен спорттық бағдарлау спортын көріп, жерлестеріміздің қуанышына мәз болдық. Алайда бұл спорт түрінде түсінбейтін тұстарым көп. Жалпы, жеңімпаз қалай анықталады?
Дәурен Ермекбайұлы, Алматы қаласы
Бұл сұрақтың нақты жауабын білу үшін осы спорт түрінен ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Ирина Щегловамен хабарласып, төмендегідей жауап алдық:
– Бұл спорт түрінің, негізінен, тарихы бай. Біздің елге 60-жылдардың басында келген. Қазіргі таңда Еуропада жақсы дамыған. Азия елдерінде – Қытайда, Иранда, Кореяда және Жапонияда қолға алынып келеді. Біздің спортшылар әлемдік аренада сынға түсіп, мол тәжірибе жинақтағандықтан, өз елімізде өткен Азия ойындарында ешкімге дес берген жоқ. Негізгі мән-мазмұны – арнайы картаның көмегімен, компасты қолдану арқылы белгілі бір қашықтықтағы жарыс жолын жүріп өту. Картада көрсетілген қашықтықты жүріп өту үшін SPORTident электронды жүйесі қолданылады. Спортшы шаңғы жолын өзі таңдайды. Неғұрлым қысқа жолды таңдау арқылы бақылау белгілеріне тез жетіп, уақытты үнемдесе, жеңіске жетуге мүмкіндігі мол болады. Жарыс нәтижесі спортшының қашықтықты өту уақыты бойынша анықталады және картада көрсетілген тәртіп бойынша барлық бақылау пунктерін басып өтуі тиіс. Шаңғымен бағдарлауда карта спортшының кеудесіне киілген арнайы планшетте бекітіледі, – деді.