Бесінші сыныпта оқитын ұлым бар. Сыныптас достары самбо үйірмесіне барады. «Ұлымды солармен қосып жіберсем бе, жоқ па?» деп ойланып-толғанып жүрмін. Өйткені «бұл күрестің өзіндік қиыншылығы бар, аяқ-қолға зақым келуі мүмкін» деп естідім. Қандай ақыл қосасыздар?
Шарапат Әділова, Шымкент
Бұл сұрағыңызға самбодан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Керей Қойшыбек жауап береді:
– Қорқатын түгі жоқ. Атының өзі айтып тұрғандай, бұл – өзіңді-өзің қорғауға арналған спорт түрі. Орыстың «самооборона» деген сөзінен шыққан. 1938 жылы КСРО Қауіпсіздік комитеті тыңшыларды дайындау барысында барлық күрес пен жекпе-жек түрлерінің өздеріне ұнаған айла-тәсілдерінің басын біріктіріп, самбоны ойлап шығарған. Кейінен ол күрес түріне айналып, Кеңес Одағында жалпы сипата дами бастады. Самбо ер-жігіттің бойына төзімділік пен күш-жігер қалыптастырады. Мақтанғаным емес, бірақ жас кездерінде самбомен айналысып, кейіннен боз кілемнен қол үзген жігітердің 90 пайызы еліміздің құқық қорғау органдары мен әскери салаcында қызмет етеді. Әрине, бізде «ауырту» әдісі деген бар. Қаншама жарыс өтіп жатыр, қол-аяғы шығып кетендерді сирек кездестіреміз. Бұл – бала мен жаттықтырушыға тікелей байланысты нәрсе. Барлық айла-тәсілдерді жақсы үйреніп алса, оқыс жағдайға тап болмайды. Ал кездейсоқтық барлық спорт түрінде кездеседі. Сондықтан да қатарынан қалмасын, баланызды самбоға жібере беріңіз. Кәсіпқой спортшы болмаса да, өз өмірінде самбоның пайдасы тиіп қалар.
Самбо балаға зиян емес пе?
Последние статьи автора