Шәкәрім неге «Мұтылған»?
Шәкәрім Құдайбердіұлы неліктен өзін «Мұтылған» деп атаған? Бұл ұмытылған дегенді білдіре ме?
Дамира Сәрсенқызы, Ақтөбе қаласы
Алаш арыстары өз шығармаларын көбіне жасырын, бүркеншік атпен жариялап тұрған. Әдебиетші, сыншы ғалымдардың зерттеуінше, Шәкәрім де осы әдісті көп қолданған. Ол өзіне-өзі «Мұтылған» деп ат қойған. Әдеби тілмен айтқанда, бұл – псевдоним, яғни лақап ат. Ойшыл ақынның өзіне осылайша ат қоюында терең мән жатыр. Бұл жөнінде Шәкәрім өзінің «Мұтылғанның өмірі» деп аталатын толғауында:
Жаралы жаным шықсын деп,
Қара жер мені жұтсын деп,
Өлген соң елім ұмытсын деп,
Атымды қойдым «Мұтылған», – деп жазған.
Шәкәрім өзінің белгілі бір кезеңдерде ұмытылатынын көре білген. Өзінің бұл қоғамға қажетті жағын, дұрысын айтқанда, бұл заман оны керек етпейтіндіктен ұмыт болатынын дөп басып айтқан. Жағдай, шынында, Шәкәрімнің айтқанындай болды. Ақынды ұмыттыру үшін кеңес өкіметінің жандайшаптары оны алдымен атып өлтірді. Тіптен зираты ұмыт болды. Шәкәрімнің атын атауға ресми тұрғыда тыйым салынды. Ақынның еңбектері мұрағаттарда, жеке адамдар қорында тығулы жатты, ұрпақтар әдебиет сабағында Шәкәрімді ауыздарына алып көрген жоқ. Өйткені оқулықта тым құрыса бір жол Шәкәрім туралы хабар болмады. Әрине, осындай жағдайда оның «ұмытылған» екені шындыққа айналды.