Саяси клубтар жайлы білгім келеді
Кинофильмдерден шетелдің байлары, саясаттың адамдары өзара клуб құрып алып жиналыстар өткізіп жататынын көреміз. Солар жайлы айтып бере аласыздар ма? Жалпы, олардың заңды статусы бар ма?
Нұрман Жанқабылұлы, Шымкент
Саяси клуб дегеніміз – саяси көзқарасқа байланысты немесе белгілі бір жобаны жүзеге асыру жолында ерікті түрде тізе қосқан адамдардың бірлестігі. Мәселен, еліміздегі ірі партияның өз ішінде бір мәселеге байланысты көзқарастар алшақтығы пайда болып жатса, олар клубтарға бөліне алады. Саяси клубтар алғаш рет XVII ғасырда Британияда пайда бола бастады. Олардың басым көпшілігі билікке қарсы бағыттағы адамдардың жиынтығы болды. Сол кездегі саяси клубтарды бүгінгі заманда әлемдік үрдіске айналған партиялық жүйенің бастауы ретінде алып қарасақ та болады. Қазір саяси клубтар дамыған шетелде, Еуропа мен АҚШ-та белсенді жұмыс жасайды. Әсіресе, мемлекеттің ең қалталы азаматтары немесе тіпті әлемнің ең бай адамдары жиылып, ортақ мүдделерін сыбайласқан түрде қорғау үшін өзара клуб құрып алады. Дегенмен саяси клубтардың ерекше заңдық күші жоқ. Ол бар болғаны мүддесі ортақ адамдарды жинайтын алаң ғана.