Ресей Тәуелсіздік күнін қалай атап өтеді?
Көрші Ресейде Тәуелсіздік күнін елдің егемендігі туралы декларацияның қабылданған күні және елдің тұңғыш Президентінің сайланған күні, сонымен бірге Мәскеу қаласының туған күні дейді. Тәуелсіздік күнін осы даталарға әдейі орайластырған ба?
Самал ӘШІМХАН, Астана қаласы
Ресей Федерациясында Тәуелсіздік күні маусымның 12-сінде тойланады. Бірақ «Тәуелсіздік күні» деген – халық берген атау. Ресми түрде мереке «Ресей күні» деп аталады. 1990 жылы бұл күні Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасының Егемендік туралы декларациясы қабылданған. Ресей Федерациясының тұңғыш Президенті Борис Ельцин 1992 жылы бұл мейрамды «Ресей күні» деп атауды ұсынды. 1991 жылы тұңғыш Президент сайлауы да осы күні өткен. 90-жылдары бұл мерекені көпшілік құптамаған, олардың пікірінше, бұл КСРО-ның құлауын тездеткен оқиғамен байланысты және мұндай пікір ел арасында әлі де бар екен. 12 маусым Мәскеу қаласы күні емес, Ресей астанасының туған күні қыркүйектің алғашқы сенбісінде тойланады. Дегенмен маусымның 12-сі күні Ресейдің Бутурлиновка, Новгород, Воскресенск, Ижевск, Камень-на-Оби, Кемеров, Киров, Комсомольск-на-Амуре, Котлас, Красноярск, Лесной, Минусинск, Пенза, Пермь, Саранск, Снежинск, Сокол, Сургут, Сыктывкар, Тамбов, Ульяновск, Уфа, Ханты-Мансийск және Лихославль қалалары қала күнін атап өтеді.