Раушан гүлін кейбір халықтар «ерлердің символы» деп танитын көрінеді. Ал әнші Роза Рымбаева бұл гүлді өзінің қастерлі нышаны санайды. Негізі, символикада раушан гүлі қандай ұғымды білдіреді?
Анар СЕРҒАЗИНА, Астана қаласы
Ежелгі дәуірлерден жеткен тарихи жәдігерлерге қарағанда, раушан гүлі араб елдерінде ерлер көрік-келбетінің символы болып есептеледі. Хош иісті бұл гүл көне замандарда, шынымен де, ер адамдар мен олардың басты қасиеттерін меңзейтін болған. Ежелгі римдіктердің ұғымында раушан гүлі құпия, жұмбақ нәрселерді білдірген. Sub rosa dictum деген мәтел содан қалған, «раушан астына жасырылған» деп қазақшаланатын бұл тіркес айтуға болмайтын нәрселерді меңзегенде қолданылады. Ортағасырларда неміс жерінде құрылған Розенкрейцерлер діни-мистикалық қоғамы креске таңылған раушан гүлін өз төсбелгілері санаған. Раушан гүлі бір халықтарда соғыстың символы деп те есептелген. Ал Еуразия халықтарында алқызыл раушанды махаббаттағы іңкәрліктің, ақ раушанды пәктіктің, сары раушанды суынудың белгісі деп түсіну қалыптасқан. Раушан гүлінің 32 жапырақшалы күйінде суреттелуі классикалық бейне деп саналады.
Раушан гүлі ерлердің символы ма?
Последние статьи автора