Қырым қанды безгегі ауруының емі бар ма?
Өткен жылы қырым қанды безгегі ауруынан оңтүстікте сегіз адам қайтыс болып, 14 адамның өміріне қауіп төнген болатын. Биыл да бұл вирустың адамдарға жұғу қауіптілігі айтылуда. Жалпы, ол қандай ауру, неден жұғады, оның емі бар ма?
Мұқан СҮЛЕЙМЕНОВ, Оңтүстік Қазақстан облысы
Бұл сұраққа ОҚО Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бөлім бастығы Шорабай Бостанов жауап береді:
– Негізі, қырым қанды безгегі ауруы кенелерден жұғады. Өткен жылы Оңтүстікте қыс жұмсақ, көктем жаңбырлы болды. Сол себепті қора-қопсылардағы кенелер қыс бойы ұйықтамады десе де болады. Жалпы, кененің мыңға жуық түрі бар. Олардың ішінде кейбірінің осы ауруларды тарататын қаупі бар. Қазіргі таңда бойында осындай вирусы бар кейбір кенелер үш ауданда анықталып отыр. Олар – Мақтаарал, Сарыағаш, Шардара аудандары. Қырым қанды безгегіне қарсы нақты ем жоқ. Сол себепті бұл ауруды өткізіп алғандар болса, олардың өмірін сақтап қалу өте қиын. Басқаша айтқанда, безгектің емі – дәрігерге уақтылы қаралу. Әйтпесе, қан көп кетіп, соңы қайғылы оқиғаға ұласады…