Құс та болғым келеді-ау қанаты бар...
Экстремалды спорт түрлерінің қатарына жататын бейсджампер спортынан хабарым бар. Спорттың аталған түрі адамдардың құс секілді ұшуына мүмкіндік береді. Бірақ адамдардың құс секілді ұшуы мүмкін емес қой. Мұны іс жүзінде дәлелдеген спортшылар бар ма?
Алтынбек Тасқараев, Жамбыл
Норвегиялық бейсджампер Эспен Фаднес құсқа берген қанатты адамға неге бермеді екен деп қиялға шомған көрінеді. Алайда табиғат заңы осылай. Әйтсе де жер жүзінде құстай ұша алмаса да, құс болып ұшқысы келетін адамдар көп екен. Аталған Фаднес әлемдегі ең жылдам ұшқыш деген атқа ие. 1240 метр биіктікке көтерілген скандинавиялық ержүрек 250 км/сағат жылдамдықпен төменге құлдилаған. Оның ішінде 2,5 шақырымды жартас жанынан «ұшып» өткен көрінеді. Ғаламторда бұл видео – ең көп көрілгендер қатарында. Ол тек Фьорда су айдынына жақындағанда ғана парашюттің көмегіне сүйенген. Осылайша, ол жерге дін аман қоныпты. Бейнені қарап отырып, Фаднестің жүрек жұтқан батыр екенін байқауға болады. Бірақ жан тәтті емес пе?! Секірер алдында ол өзінің өте қатты қорқып, жүрексінгенін тілге тиек етіпті. Ұшқан кездегі спортшының сезімін жанкүйерлер де түсінуі үшін Эспеннің басын қорғайтын дулығаға камера бекітілген. Бір қызығы, құс болып ұшуды адамдар ертеден аңсаған екен. Оған дәлел – қанаты бар костюмдерді киіп, биіктіктен секіруге міндеттейтін бейсджампер спортының 1900 жылы пайда болуы.