Құрылтайда қандай мәселе көтерілді?
Алашорда тарихында Орынборда өткен 1917 жылғы Құрылтай туралы көп айтылады. Алаш қайраткерлері осы құрылтайда ұлтымызға қатысты қандай мәселелерді көтерген? Осы жөнінде қысқаша мәлімет берсеңіздер.
Нұрболат МАҚАНҰЛЫ, Өскемен қаласы
Екінші бүкіл қазақ-қырғыз Құрылтайы деген атпен белгілі бұл үлкен жиын –1917 жылы 5–13 желтоқсан аралығында Орынбор қаласында өткізілді.
Құрылтайды Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Е.Омарұлы, С.Досжанов ұйымдастырды. Төрағасы Б.Құлманов болды.
Қазан төңкерісінен кейін қалыптасқан саяси ауыр жағдайда өздерінің іс-әрекеттерін айқындап алу үшін ұлттық интеллигенция бастаған қазақ қоғамы құрылтайға қатысты. Құрылтайға қазақ сахарасының әр аймақтарынан, Самарқан облысы мен Алтай губерниясындағы қазақтардың атынан — 58 делегат, әртүрлі қазақ ұйымдарының атынан – 8 делегат және арнайы шақырумен – 15 адам қатысып, барлығы – 81 делегат келген. Құрылтайдың күн тәртібіне 10 мәселе қойылды:
1. Сібір жайы;
2. Түркістан автономиясы және Оңтүстік-Шығыс Одағы туралы;
3. Қазақ-қырғыз автономиясы;
4. Милиция туралы;
5. Ұлт кеңесі;
6. Ұлт қазынасы;
7. Мүфтилік мәселесі;
8. Халық соты;
9. Ауылды басқару;
10. Азық-түлік мәселесі.
Алғашқы баяндаманы Ә.Бөкейханов жасап, ол жөнінде қаулы қабылданған. Қаулы негізінде – қазақ автономиясы, милиция (әскер жасағы) және Ұлт кеңесі мәселелерін қарауға жеті кісілік комиссия құрылған. Құрылған комиссия атынан Халел Ғаббасов автономия, милиция және Ұлт кеңесі туралы баяндама жасаған.