Құнанбайдың құдығы қайда?
Қазақтың бас ақыны Абайдың әкесі Құнанбай салдыртқан құдық әлі күнге дейін сақтаулы деп естіген едім. Ол қай жерде?
Жантөре БЕКМҰРАТҰЛЫ, Атырау қаласы
Құнанбай құдығы Жидебай қорығындағы Абайдың мұражай-үйінен 120 метр аралықта орналасқан. Құнанбай Өскенбайұлы – Абайдың туған әкесі, аға сұлтан, болыс болып, ел билеген адам. Ол өзінің билік жүргізген уақытында шаруашылыққа жайлы қыстаулар мен жазғы жайылымдарды өз пайдасына шешіп отырған. Солардың бірі – Жидебай мекені. Құнанбай құдықты қыстақты салар кезінде қаздырған. Жидебай мекені Оспан үйленгеннен кейін оның иелігіне көшеді. Құдыққа дейінгі жол бетонмен төселген. Құдықтың тереңдігі екі метр, табиғи тастармен қапталған. Диаметрі екі жарым метр. Темір қоршаумен қоршалған. Құдықта су алатын арнайы құрал бар.