Қуғын-сүргін жылдары айдауға кеткеннен оралмаған атамыз болған. Оған қатысты құжаттардағы мәліметтер әртүрлі. Не атылғаны, не абақтыдан босап, шетел асқаны белгісіз. Ол туралы мәліметтерді қайдан іздеуге болады?
Шәрипа АМАНҒАЛИҚЫЗЫ, зейнеткер
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті мамандарының мәліметінше, 30-жылдардағы қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалар мен Ұлы Отан соғысы кезеңінде тұтқында отырған тұлғалар жайлы мәліметтерді іздеп табуға әбден болады. ҚР ҰҚК арнайы мемлекеттік мұрағаты азаматтардың тұрғылықты мекенжайына және азаматтығына қарамастан, іздеу салынушыға қатысты өтінішті қарайды. Арнайы мемлекеттік мұрағат көрсететін қызмет тегін. Өтінішті қарау мерзімі – бір ай. Өтініш иесіне жауап поштамен, электронды поштамен жіберіледі немесе оның өз қолына жеке тапсырылады. Қазақстан Республикасы ҰҚК арнайы мемлекеттік мұрағатының электронды мекенжайы – special_arhiv@knb.kz. ҚР ҰҚК сайтында өтініштің мынадай формасы берілген – forma_zayavleniya_v_spec_arhiv_kaz.pdf. Өтініш ҚР ҰҚК төрағасының атына жазылады. Онда сұрау салушының тегі, аты және әкесінің аты, мекенжайы, байланыс телефондары, күні және өзінің қолы көрсетілуі тиіс. Өтініштің мазмұны еркін түрде жазылады, бірақ онда мүмкіндігінше сұрау салынушының қандай себеппен хабарсыз кеткені, қай жерден ұсталғаны, қандай әскери комиссариатпен жіберілгені сияқты мәліметтер толық көрсетілуі қажет.
Қуғын-сүргін құрбандарын қауіпсіздік комитетінен іздеңіз
Последние статьи автора